Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және балаларды қабылдау

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 19 маусымдағы
№ 254 Бұйрықпен
бекітілді

 Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Конституциясы, Қазақстан Республикасы “Білім туралы”, “Педагог мәртебесі туралы”, “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы”, “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы”, “Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы”, “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы”, “Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы” заңдарына, “Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы” 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына, “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленген.
  2. Қағидалар түріне, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдардағы бос орындарға мектеп жасына дейінгі балаларды қабылдау (кезекке қою, жолдамаларды беру, құжаттарды қабылдау, мектепке дейінгі ұйымға қабылдау) тәртібін айқындайды.
  3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) архив – мектепке дейінгі ұйымға қабылдауға жолдаманы табысты алуға байланысты немесе осы Қағидаларда көзделген басқа да себептер бойынша кезектен алынған өтініштер жиынтығы;

2) блокчейн технологиясы – түзетуге жатпайтын деректерге өзгерістер енгізуді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін белгілі бір қағидалар бойынша деректерді сақтау және өңдеу архитектурасын құру тәсілі;

3) бос орын – баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін мектепке дейінгі ұйым, жас тобы, тәрбиелеу және оқыту тілі, жас кезеңі, топтың түрі (жалпы дамытушы, арнайы), жұмыс тәртібі (толық күн болатын, жарты күн болатын, тәулік бойы болатын), қабылдау тәртібі (жалпыға бірдей белгіленген, ерте брондау, уақытша болу), мектепке дейінгі ұйымға баратын күні бойынша шектеулердің болуын және қабылдаудың басталатын күні көрсетілген бос орын туралы ақпарат;

4) босаған орындар бюллетені – кезектілікті басқару жүйесіне бөлу үшін мектепке дейінгі ұйымдардан бос орындарды беру хронологиясын күн сайын тіркейтін хаттама;

5) жалпыға бірдей белгіленген қабылдау тәртібіндегі бос орын – жолдама алғаннан кейін жолдаманың қолданылу мерзімі бірден есептелетін бос орын;

6) ерте брондау тәртібіндегі бос орын – орын нақты босағанға дейін ерте жолдама алуға болатын бос орын; жолдаманың қолданылуын есептеу мерзімі және мектепке дейінгі ұйымға қабылдау рәсімі орын нақты босатылғаннан кейін басталады;

7) кезектілікті басқару жүйесі – мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қоюға және орындарды бөлуге өтініштерді қабылдаудың бизнес-процестерінің автоматты орындалуын қамтамасыз ететін көрсетілетін қызметті берушінің ақпараттық жүйесі;

8) кезектілік нөмірі – осы кезекте басқа да өтініштерге қатысты кезектегі өтініштер реті;

9) кері қайтарылып алынған орындар бюллетені – кезектілікті басқару жүйесіне мектепке дейінгі ұйымдардан бұрын бөлуге берілген орындарды қайтару (кері қайтарып алу ) хронологиясын күн сайын тіркейтін хаттама;

10) мектепке дейінгі ұйымға қабылдауға жолдама (бұдан әрі – жолдама) – мектепке дейінгі ұйымға қабылдау және тиісті құжаттарды рәсімдеу кезеңінде мектепке дейінгі ұйымнан өтініш берушіге орынның уақытша сақталуы туралы хабарлама;

11) өтініштер кезегі (бұдан әрі – кезек) – кезектілікті басқару жүйесінде табысты тіркелген және осы Қағидаларға сәйкес бір-біріне қатысты реттелген мектепке дейінгі ұйымға қабылдауға арналған өтініштер;

12) проактивті көрсетілетін қызмет – қызмет көрсету субъектісінің бастамасы бойынша берілетін, қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алу субъектісінің ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы берілген келісімі міндетті түрде қажет болатын, электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

13) тоқтату парағы – өтініш берушілер тарапынан жіберілген тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда жолдама алу мүмкіндігі тоқтатылған, кезектен алынған өтініштер орналастырылатын уақытша архив;

14) уақытша болуға арналған бос орын – уақытша кеткен тәрбиеленушінің мектепке дейінгі ұйымда сақталатын бос орны, сондықтан осы орынға қабылданатын баланың келу мерзімі шектеулі болады;

15) хабарлама – өтініш берушіге мектепке дейінгі ұйымнан орын алудың белгіленген кезеңдерінен өткені туралы хабарлау мақсатында кезектілікті басқару жүйесімен жолданған электронды мәтіндік хабарлама.

  Мектепке дейінгі білім беру
саласында мемлекеттік
қызметтер көрсету
қағидаларына
4-қосымша
“Мектепке дейінгі ұйымдарға құжаттарды қабылдау және балаларды қабылдау” мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты  
1  Көрсетілетін қызметті берушінің атауы Мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші)  
2  Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері Мемлекеттік қызметті көрсету үшін құжаттарды қабылдау және беру көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі, “электрондық үкімет” веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.  
3  Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 1) құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап – 30 минут;
2) құжаттарды қабылдау сәтіне дейінгі күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 15 минут;
3) қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 15 минут.
 
4  Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны Электронды және (немесе) қағаз түрінде.  
5 Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі Мектепке дейінгі ұйым мен баланың ата-анасының бірі немесе заңды өкілі араcында жасалған келісім шарт негізінде баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.  
6  Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға тегін көрсетіледі.  
7  Жұмыс кестесі  1) көрсетілетін қызметті берушінің: Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі мен жұма аралығында көрсетілетін қызметті берушінің белгілеген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек күту тәртібімен көрсетіледі;
2) порталдың: жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғанда жүгінгенде, Қазақстан Республикасында еңбек заңына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелері келесі жұмыс күнінде беріледі).
 
8  Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі Көрсетілетін қызметті берушіге жүгінгенде:
1) қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жарамды);
2) ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
3) баланың тууын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 24 маусымдағы № 469 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2423 болып тіркелген) бекітілген “Бала денсаулығы паспорты” 026/у-3 есеп нысанын толтыру және жүргізу жөніндегі Нұсқаулықта қарастырылған нысан бойынша баланың денсаулық паспорты;
5) баланың денсаулығы туралы анықтама;
6) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін).
Портал арқылы жүгінгенде:
1) қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жарамды);
2) ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке басын куәландыратын құжат (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);
3) баланың тууын куәландыратын құжат (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);
4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 24 маусымдағы № 469 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2423 болып тіркелген) бекітілген “Бала денсаулығы паспорты” 026/у-3 есеп нысанын толтыру және жүргізу жөніндегі Нұсқаулықта қарастырылған нысан бойынша баланың денсаулық паспорты (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);
5) баланың денсаулығы туралы анықтама (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);
6) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін) (сканерленген көшірмесі).
 
9  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер 1) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.
 
10  Мемлекеттік қызмет, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қойылатын өзге де талаптар Құжаттарды тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 15 минут.
Қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 15 минут.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдың “жеке кабинеті”, көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсы, мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтер, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің www.edu.gov.kz интернет-ресурсында “Мемлекеттік көрсетілетін қызмет” бөлімінде көрсетілген.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының телефондары: 1414,
8-800-080-7777.