ГРАНТТАР ЕНДІ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ТОПТАРЫ БОЙЫНША БӨЛІНЕДІ 13.05.2019 Құрметті талапкерлер! Биыл ҰБТ форматы мен тиісті пән комбинациялары өзгеріссіз қалды. Жаңалық — 2019 жылдан бастап мамандық емес білім беру тобы таңдалатындығында. Ол жайында ҚР БҒМ ресми Фэйсбук парақшасында хабарланды. Алдымен барлық өзгерістер туралы айтайық. Ол бойынша сіздер қалаған оқуларыңызға оңай түсе аласыздар: 1. ҰБТ-ны жыл бойы 4 рет ақылы түрде тапсыруға болады. 2. ТжКО түлектері ҰБТ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнына ақылы түрде түсіп, оқуларын қысқарған бағдарлама арқылы жалғастыра алады. Оқуға қабылдану үшін бар болғаны ЖОО сынағынан өтуі керек. 3. Кешенді тест ҰБТ-мен бірікті. Сондай-ақ «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша балл шегі алпысқа дейін көтерілді. Енді әр бөлімге толығырақ тоқтала кетсек. 2019 жылдан бастап ҰБТ-ны төрт рет тапсыруға болады. Жоғары оқу орнына ақылы түрде түскісі келетіндер қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айында тест тапсыра алады. ҰБТ тапсырған сайын пәнді өзгертіп тұруға да болады.